Әзірбайжанда HBI-зауыт құрылысы жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті

 

Әзірбайжанда HBI-зауыт құрылысы жобасы бойынша жұмыс кездесуі өтті

2026 жылғы 3-5 маусым аралығында Әзірбайжанда қуаты жылына 2 млн тонна ыстық брикеттелген темір (HBI) өндіретін зауыт құрылысының жобасын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Fonte Capital Ltd бас директоры Ержан Мусин қатысты.

Жоба «Дашкесан темір рудасы» ЖШҚ (DDF) және Fonte Capital Ltd басқаруындағы Fonte GreenMet Investments Fund OEIC қатысуымен құрылған «Azerbaijan Metal Company» (AzMC) ЖШҚ бірлескен кәсіпорны арқылы іске асырылуда. AzMC болашақ зауытты қаржыландыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға жауапты.

4 маусымда Бакуде өткен кездесу шеңберінде қаржыландыруды тарту мақсатында әзірленген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің нәтижелері ұсынылды, сондай-ақ оны іске асырудың одан арғы кезеңдерін айқындайтын құжаттарға қол қойылды. Іс-шараға AzMC, AzerGold ЖАҚ, Dashkasan Iron Ore ЖШҚ, Fonte GreenMet Investments Fund OEIC Limited, қытай Sinosteel Equipment & Engineering Co., Ltd. компаниясының және Sinosure экспорттық-кредиттік агенттігінің, итальяндық Tenova және SACE экспорттық-кредиттік агенттігінің, сондай-ақ ING Bank-тің басшылары мен өкілдері қатысты.

Sinosteel компаниясы дайындаған ТЭН жобаның техникалық және экономикалық тиімділігін растады. Құжатқа сәйкес зауыт құрылысына кететін күрделі шығынның жалпы көлемі шамамен 800 млн АҚШ долларына бағаланады.

Зауытты пайдалануға беру 2029 жылдың соңына жоспарланып отыр. Жоба елдің ЖІӨ-не 1 млрд АҚШ доллары көлемінде үлес қосады, сондай-ақ тікелей және жанама жұмыспен қамтуды қоса алғанда, шамамен 1600 жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Зауыт Шамкир ауданындағы Батыс өнеркәсіп паркінің аумағында салынады.

Жобаны iске асыру үшiн қажеттi инвестициялардың едәуiр бөлiгiн халықаралық кредит ресурстары есебiнен қамтамасыз ету ұйғарылып отыр. Осы мақсатта Қытай мен Италияның экспорттық-кредиттік агенттіктері – Sinosure және SACE – экспорттық кредиттерді сақтандыруды және қаржыландыру үшін кепілдікті қолдауды ұсынатын серіктестер, ал ING Bank – процестің жаһандық үйлестірушісі болып тағайындалды.

Делегацияның Әзірбайжан Республикасының экономика министрі Микаил Джаббаровпен кездесуі сапардың маңызды бөлігі болды. Кездесуде ыстық брикеттелген темір өндіретін Дашкесан зауытының құрылысы қысқа және орта мерзімді перспективада елдің экспорттық әлеуетінің өсуіне ықпал етуге қабілетті маңызды өнеркәсіптік жобалардың қатарына жататыны атап өтілді.

«Біз аймақ үшін ауқымы жағынан да, халықаралық қатысу құрылымы жағынан да бірегей жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Оны іске асыруға Қытай мен Италияның экспорттық-кредиттік агенттіктерін қоса алғанда, негізгі өнеркәсіптік және қаржылық серіктестер тартылған. Алда тағы бірнеше маңызды кезең тұр, алайда біз қазірдің өзінде әр тараптың ынталылығы мен қызығушылығының жоғары деңгейін көріп отырмыз», - деп атап өтті Fonte Capital Ltd. бас директоры Ержан Мусин.