Fonte Capital AIFC Connect: Shanghai 2026-ға қатысты
28 сәуірде Fonte Capital Ltd бас директоры Ержан Мусин Шанхай қор биржасымен бірлесіп АХҚО ұйымдастырған AIFC Connect: Shanghai 2026 бизнес іс-шарасына қатысты. Іс-шараның мақсаты — Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту, сондай-ақ жаңа серіктестіктерді қалыптастыру және АХҚО алаңы арқылы бірлескен жобаларды іске асыруға шетелдік кәсіпкерлерді тарту. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың 150-ден астам бизнес және қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Іскерлік бағдарлама АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровтың, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы бас консулы Нұрлан Аққошқаровтың, Шанхай қаласының Халық үкіметі мен Шанхай қор биржасының өкілдерінің құттықтау сөзімен ашылды, олар инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, капитал нарықтарын ықпалдастыруға және екіжақты іскерлік өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аударды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында АХҚО, Жасыл қаржы орталығы, KAZ Minerals Management, Solidcore Eurasia, ITS CSD өкілдерінің питч-таныстырылымдары өтті, олар AIFC Connect қатысушыларына ТМК-дан бастап инфрақұрылымдық жобаларға, цифрлық шешімдер мен «жасыл» қаржыландыру құралдарына дейінгі инвестициялық бағыттардың кең спектрін ұсынды.
Өз кезегінде AIFC Insights талдау орталығы іс-шараға қатысушыларға Орталық Азия мен Кавказ капитал нарықтары туралы есеп берді. Сарапшылар Қазақстан айналыстағы облигациялардың жалпы көлемі 81 млрд АҚШ долларын құрайтын (2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша) өңірдің қаржы көшбасшысы мәртебесін бекіткенін атап өтті.
Іскерлік кездесудің негізгі жаңалықтары арасында акционерлерінің бірі Шанхай қор биржасы болып табылатын AIX биржасында юаньда номинацияланған облигациялар (панда-бондтар) листингінің мүмкіндіктерін кеңейту туралы хабарландыру болды.
Форум екі елдің бизнес және қаржы институттарының өкілдері арасындағы ынтымақтастық форматтары талқыланған B2B-кездесулер сериясымен аяқталды.
«AIFC Connect трансшекаралық инвестициялық диалогты дамытуда және АХҚО мүмкіндіктерін халықаралық қаржы платформасы ретінде таныстыруда маңызды рөл атқарады. Шанхайдағы іс-шара қытайлық бизнес пен қаржы институттарының Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетті. Мұндай кездесулер қаржы нарығына қатысушылар арасындағы кәсіби өзара іс-қимылға және екі ел үшін де қызығушылық тудыратын бірлескен инвестициялық өнімдерді әзірлеуге негіз болады», — деп атап өтті Fonte Capital Ltd бас директоры Ержан Мусин.